news picture

SK Ondeu сатып алулардағы ішкі елдік құн үлесін 88%-ға дейін арттырды

SK Ondeu тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуда ішкі елдік құн үлесінің жыл сайынғы өсуін қамтамасыз етіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 88%-ды құрап, алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда тұрақты өсімді көрсетті (2024 жылы – 86%, 2023 жылы – 80%). Ұзақ мерзімді шарттарды ескере отырып, Топтың сатып алуларының жалпы көлемі 38,2 млрд теңгені құрады (тауарлар – 2,8 млрд теңге; жұмыстар мен қызметтер – 35,4 млрд теңге). Сонымен қатар, 2025 жылы жалпы сомасы 124,7 млн теңгеге 4 офтейк-келісімшарт жасалды, бұл отандық өндірістердің дамуына және ішкі елдік құнның нығаюына ықпал етеді. ⠀ Қосымша ретінде SK Ondeu еншілес ұйымдары отандық тауар өндірушілердің қатысуымен дөңгелек үстелдер өткізіп, олардың барысында сатып алу рәсімдері мен қолдау шаралары түсіндірілді. Бұл қазақстандық жеткізушілердің қатысу деңгейін арттыруға және тауарлар бойынша жергілікті қамту үлесінің 28%-ға дейін өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. ⠀ Ішкі елдік құнды дамыту ұлттық экономиканы нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және өнеркәсіптік өсуді ынталандыруға бағытталған «Самұрық-Қазына» АҚ-ның негізгі басым бағыттарының бірі болып табылады. Қордың сатып алу операторы – «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС мәліметіне сәйкес, енгізіліп жатқан қолдау тетіктері, оның ішінде офтейк-келісімшарттар, отандық өндірушілерден сатып алуға басымдық беру және сатып алуға қатысу шарттарын жеңілдету жергілікті кәсіпорындардың белсенді дамуына және жаңа өндірістердің іске қосылуына ықпал етеді. ⠀ 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қор Тобы бойынша ішкі елдік құн үлесі 83%-ға жетті, ал отандық өндірушілерден сатып алу көлемі 2,2 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 98%-ға артты (толығырақ келесі сілтеме бойынша таныса аласыз: https://twi.kz/mOlbL).
Тізімге оралу