«7 Qadam Pro» бағдарламасы аясында «Самұрық-Қазына» қорының құрамына кіретін компаниялардан 21 жас маман 2025 жылдың сәуірінен тамызына дейін жеті модуль бойынша оқудан өтті. Бағдарлама жас мамандардың көшбасшылық қасиеттерін, стратегиялық ойлау қабілетін, командада жұмыс істеу дағдыларын дамытып, өндірістегі нақты міндеттерді шешуге бағытталды.
Бағдарламаға «SK Ondeu» компаниясының еншілес ұйымы – «Karabatan Utility Solutions» ЖШС атынан өндірістік маман, химиялық су дайындау және тазарту құрылыстары цехының тазарту құрылыстары учаскесінің сорғы қондырғылары машинисі Аманат Каримов қатысты.
Оқу нәтижесінде Аманат өндірістік маңызы зор экологиялық тақырыпты қамтитын жобаны әзірледі. Жоба ағынды сулардағы кремний тотығының (SiO₂) мөлшерін нормативтік деңгейге дейін төмендетуге бағытталған.
Аманаттың айтуынша, бағдарламаға қатысу ол үшін «көшбасшылық мектебі әрі үлкен сынақ» болған:
«Мен командада жұмыс істеуді, стратегиялық ойлауды үйрендім және шешім қабылдауда сенімді болдым. Жобам ағынды сулардың сапасын жақсартуға, шығындарды азайтуға және жабдықтардың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді».
Аманаттың еңбегін жоғары бағалаймыз және оның нәтижелерімен мақтанамыз! «7 Qadam Pro» бағдарламасы жас мамандардың үлкен болашағы мен жаңа идеяларды енгізу әлеуеті бар екенін көрсетті.
