news picture

SK Ondeu агросекторға арналған ҒЗТКЖ өнімдерін «Жаңа дала – Green Day» көрмелерінде таныстырды

Агрохимия бағыты бойынша Даму стратегиясын іске асыру аясында SK Ondeu компаниясы Ақмола және Қостанай облыстарында өткен «Жаңа дала – Green Day» ауыл шаруашылығы көрме-жәрмеңкелерінде өзінің ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар (ҒЗТКЖ) нәтижелерін ұсынды.

SK Ondeu стендінде ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыруға және фитосанитарлық тәуекелдерді төмендетуге бағытталған келесі өнімдер таныстырылды:

• гидрофильді коллоидты күкірт негізіндегі фунгицид – ұнтақты зең, парша, оидиум, өсімдік кенелері және басқа да патогендерден жеміс-жидек, көкөніс, гүлді дақылдар мен жүзімді тиімді қорғауға арналған;

• ИАФС – зиянкестерге, кенелерге және саңырауқұлақ ауруларына кешенді әсер ететін инсекти-акари-фунгицидтік құрал;

• гуминді органо-минералды тыңайтқыштар – ауыл шаруашылығы дақылдарының өсуін жандандыруға және иммунитетін нығайтуға ықпал етеді.

Ұсынылған өнімдердің тиімділігі Өсімдіктерді қорғау және карантин жөніндегі ғылыми-зерттеу институты, Егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, сондай-ақ «ҚазАгроИнновация» АҚ жүргізген сынақтардың нәтижелерімен дәлелденді. Атап айтқанда, жүгерінің өнімділігі 30–40%-ға артса, ауыл шаруашылығы дақылдарының ауруларымен залалдану деңгейі 80–92%-ға дейін төмендеген.

Препараттар күкірт пен тотыққан көмір негізінде – ілеспе қайта өңдеу өнімдерінен жасалады. Бұл ресурс үнемдеуге, экологиялық жүктемені азайтуға және «жасыл» экономика қағидаттарына сәйкес қалдықсыз технологияларды дамытуға мүмкіндік береді.

Ұсынылған өнімдер – «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы қаржыландырған ҒЗТКЖ жобасының нәтижесі. Бұл орталық «Самұрық-Қазына» қоры компаниялар тобының ғылыми-техникалық қызметін іске асыру бойынша бірыңғай оператор қызметін атқарады және ғылыми бастамалар мен қолданбалы әзірлемелерге қолдау көрсетеді.

Қазіргі уақытта SK Ondeu мен Орталық агро және мұнай-химия салаларындағы болашақ жобаларды іске асыру мақсатында жаңа ҒЗТКЖ бастамаларын іріктеу бойынша бірлескен жұмыс жүргізіп жатыр.

«Қазақстанның климаттық және топырақ жағдайларына бейімделген агрохимиялық шешімдерді дамытуда үлкен әлеует бар деп есептейміз. Бұл отандық агроөндірушілерге тиімді әрі үнемді өнімдерге қол жеткізуге жол ашады», — деді SK Ondeu компаниясының Басқарма Төрағасы Данияр Маулетов.

Тізімге оралу