news picture

Премьер-министр Олжас Бектенов «ХИМ-плюс» ЖШС-да болды

Премьер-министр Олжас Бектенов Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың нысаналы өсу көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін ел экономикасындағы өңдеуші өнеркәсіп үлесін ұлғайту бойынша тапсырмаларының орындалуын тексерді.

Үкімет басшысы өңірдің жүйе құраушы кәсіпорындарының, атап айтқанда, химия, жеңіл өнеркәсіп, тау-кен өнеркәсібі компанияларының қызметімен танысты. Сондай-ақ ол аумағында жаңа ірі өндірістердің құрылысы жүріп жатқан Jibek Joly арнайы экономикалық аймағында болды.

Бұдан басқа Олжас Бектенов «Samruk-Kazyna Ondeu» ЖШС-ның еншілес кәсіпорны «ХИМ-плюс» ЖШС-да болды. Сапар барысында ол кәсіпорынның өндірістік желілерімен және ыдыс шығаратын жеке цехпен танысты.

Сондай-ақ Үкімет басшысына қазіргі уақытта «ХИМ-плюс» ЖШС «Агро-Тамыр» ЖШС-мен бірлесе отырып, құрамында гербицид бар глифосаттан басқа жеміс-көкөніс және өзге де ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру мен өсіруге арналған сұйық тыңайтқыштар шығарылатыны туралы баяндалды. Сапар қорытындысы бойынша Премьер-министр кәсіпорынға оң баға берді.
Тізімге оралу