Жұмысшы мамандықтар жылы аясында біз компанияның дамуына үлес қосатын "SK Ondeu" өндірістік қызметкерлері туралы айтып береміз.
Қуаныш Мұқашев энергетика саласында 30 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келеді. Ол турбина цехының IV топ машинисті болып жұмыс істеп, кейіннен "Атырау ЖЭО" АҚ-ның турбина цехы бастығының пайдалану жөніндегі орынбасары қызметіне дейін көтерілді. "Karabatan Utility Solutions" ЖШС-дегі мансабын 2020 жылы қазандық-турбина цехының аға инженер-технологы ретінде бастады, кейіннен қазандық-турбина цехының бастығы лауазымына тағайындалды.
Өз жұмысында ол өзін кәсіби және тиімді қызметкер ретінде танытты. Оның өндірістік тәжірибесі мол, жүктелген міндеттерді үлкен жауапкершілікпен орындап, кез келген істі нәтижеге бағыттайды.
Қуаныш Қалауиұлы — үлгілі отбасы адамы, үш бала тәрбиелеп отыр, екі жоғары білімі бар. Әріптестері оны мақтан тұтып, үлгі етеді. Мұны оның марапаттары растайды.
Қуаныш Мұқашев "Еңбек сіңірген энергетик" орденімен марапатталған. Сондай-ақ Қазақстан Электр энергетикалық қауымдастығының "Энергия жүйесінің еңбек ардагері" атағы мен Энергетика министрлігінің "Еңбек сіңірген энергетигі" төсбелгісіне ие болды.
Айта кету керек, "Karabatan Utility Solutions" ЖШС "Samruk-Kazyna Ondeu" ЖШС-нің еншілес құрылымы ретінде "Самұрық-Қазына" АҚ компаниялар тобына кіреді. Компания Атырау облысындағы "Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі" арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылымдық объектілерін салу жобасын жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді.